Дүйсенбі 06 Ақпан

Жаңа жыл құтты болсын!

Мезгілдің ақ парағы тағы ашылды,
Тіршілік жалғасумен жарасымды.
Жаңа жылда тілейік Елімізге,
Қуанышты, бақытты, бар асылды!!!

 

Өмір-керуен тоқтаусыз жылжып жатыр. Адам баласы сол керуеннің жолаушысындай амалсыз ырқына бағынуда. Бір белестен соң  келесі белестің төбесі көрінген сайын оның  ар жағын көруге асығамыз. Осылайша күн мен түн алмасып, дөңгеленген дүние қалыптасқан  табиғи заңымен айнала береді, айнала береді.
Әдетте жаңа жылдың ақ  парағы ашылған сәтте әрбір адам «өткен жыл несімен ерекшеленді, қандай жетістіктерге қол жеткіздім» деген  сұрақтарға жауап іздейтіні жасырын емес.Біз де осы заңдылықтан айналып өте алмай, өз кезегімізде  сәл артқа шегініс жасағанды жөн көрдік.
Ескі жыл қазақ –түрік лицейлері үшін табысты болды деп ауыз толтырып айта аламыз. Себебі, тым арыға бармай-ақ,  қыркүйек айынан бері, небары  екі тоқсанда шәкірттеріміз Бразилияда, Францияда, Кипрде және Ресейде өткен халықаралық  білім сайыстарында алтыннан алқа тағып, көк байрақты көгімізде желбіретті. «Әп» дегеннен қоржынымызға алтын мен күмісті толтырып тастаған шәкірттеріміз бен олардың бапкер - ұстаздарына жаңа жылда  осы алған беттерінен қайтпай, тек біздің білім ордаларының ғана емес, күллі Қазақстанның мерейін аспандата берсін деп тілейміз.
«Білімді мыңды, білекті бірді жығады» деген аталы сөзге сүйене отырып, жаңа жылда мыңның меселін қайтаратын білімді жеткіншектеріміздің саны арта түссін демекпіз.

 

 

Алаш жұртының жоғын жоқтап, басын бәйгеге тіккен Мағжан атамыз:
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты,
Мен жастарға сенемін!» - деп нағыз үміт артар жасты барысқа теңеген екен. Олай болса, босағадан  сығалап тұрған Барыс жылында айбатымызбен де  қайратымызбен де   оза шауып, бабалар үмітін ақтайық. Барыс жылы баршамызға бақ, құт, береке әкелсін,ағайын!
Ізгі тілекпен: «KATEV” Халықаралық Қоғамдық Қоры

Мәтінді жазған: Әлия Өмірзаққызы