Қызылорда қыз ҚТЛ-де қазақ тілі апталығы өткізілді
Wednesday, 25 January 2012 11:55
Үстіміздегі жылдың 16-20 қаңтар күндері аралығында Қызылорда қаласындағы №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында «Жасай бер, қазақ тілі – анам тілі!» атты қазақ тілі апталығы өткізілді.
Апталық аясында алғашқы күні 9-10 сыныптар арасында «Тіл-өнер» тілтанымдық сайысы өткізілді.
Сайыстың мақсаты - шәкірттердің ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, қазақ тілінде таза, сауатты сөйлеуге, өз ойын ашық айтуға баулу, ойлау қабілетін, тіл байлығын дамыту. Сайысты жүргізуші қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Мырзабекова көрермен болып отырған оқушыларға танымдық сұрақтар қойып, жылдам жауап берген 6 оқушыны сайысқа таңдап алды.
Сайыс нәтижесінде 9 «А» сыныбының оқушысы Өтеген Гүлназ және 10 «Б» сыныбының оқушысы Тәжібаева Перизат өздерінің теориялық білімдерінің терең екендіктерін көрсетті.



Апталықтың екінші күні «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының мектепішілік кезеңі болып өтті. Оқушылар «Әнші-бұлбұлдар» және «Сөз шеберлері» бағыттары бойынша сынға түсті. Сайыс нәтижесінде «Әнші-бұлбұлдар» бағыты бойынша 9-сынып оқушысы Өтеген Гүлназ жеңімпаз атанып, облыстық олимпиадаға жолдама алса, «Сөз шеберлері» бағыты бойынша 7-сынып оқушысы Қуаныш Ақтоты жеңімпаз атанды.
Апталықтың үшінші күні «Жас тілші» үйірмесінің «Жас қалам, жас үміт» атты оқушылар шығармашылығының жинағы жарық көріп, кітаптың тұсаукесер рәсімі және жергілікті ақындармен арнайы кездесу кеші өткізілді.
Кездесу кешіне жергілікті «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының журналисті, ақын Қ. Есімсейітова, облыстық «Сыр мектебі» газеті редакторының орынбасары, ақын М.Нұрханов арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Кеш барысында қонақтар естеліктер алып, «Жас тілші» үйірмесі мүшелерінің оқыған өлеңдерін тыңдап, поэзия әлеміне енді еніп келе жатқан жас таланттарға шығармашылық табыстар тіледі. Кездесу барысы облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан алдағы аптаның сенбі күні арнайы хабар ретінде көрсетілетін болды.
Апталықтың төртінші күні лицейдегі 7-сынып оқушылары ата-аналарының арасында «Сөзмерген» атты танымдық ойындар сайысы өткізілді.



Сайыс барысында ата-аналар қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихы бойынша дайындалған сұрақтарға жауап берді, өз өнерлерін көрсеті. Сайыс нәтижесінде құрылған екі топтың да ұпайы тең болып, екі топ та жеңімпаз деп танылды. Ата –аналар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен бірге апталықтың екінші, үшінші күндері 7-8 сыныптар, 9-10 сыныптар арасында «Шырғалаң» ойыны жүргізіліп отырды. Лицей фойесінде қойылған тақташалардағы сұрақтарға оқушылар өте қызығушылықпен жауап беріп, өздерінің қорларына ұпай сандарын қосып отырды. Оқушы белсенділігін артыруда бұл ойындардың маңызы өте зор болды.
Сондай-ақ апталықтың төрт күнінде қазақ кинофильмдерінің ішіндегі шоқтығы биік туындылар «Қыз Жібек», «Біржан сал», «Менің атым - Қожа», «Заман -ай» фильмдері көрсетілді. Оқушылар фильм сеанстарына қалмай қатысып, өз ана тілдеріне, елдеріне, Отанына деген құрметтерінің биік дәрежеде екендіктерін көрсетті.
Апталықтың бесінші күні «Жасай бер, қазақ тілі – анам тілі!» атты тақырыпта қорытынды мерекелік -сазды бағдарлама өткізілді.
Апталық барысында өткізілген іс-шараларға белсене қатысқан сыныптар мен жеңімпаз оқушылардың барлығы да арнайы дипломдармен марапатталды және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Қызылорда қаласы, №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты
Лицей директоры Өте Д. Е.
