Қостанай ҚТЛ-де «Қазақ тілі – ғажап тіл» атты апталық өткізілді

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, әдебиетті насихаттау, өз елін, жерін, Отанын, туған халқының тілі мен салт-дәстүрін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу мақсатында жыл сайын дарынды балаларға арналған Қостанай қаласындағы қазақ-түрік лицей-интернатында дәстүрлі тіл мерекесі, қазақ тілі апталығы  өтеді.

Биыл да  қаңтардың 16-20 күндері аралығында «Қазақ тілі – ғажап тіл» атты апталығы өткізілді.

Лицей директоры Әубәкіров Ержан Бейсенбекұлының басшылығымен бастау алған бұл апталықты ұйымдастыруға  қазақ тілі пән мұғалімдері барынша атсалысты.

Апталық барысында лицей дәлізі тіл туралы жазылған нақыл сөздермен, көркем суреттермен, шарлармен безендірілді. Үзіліс уақытында қазақтың тамылжыған күйлері мен әндері тыңдалды.

Лицей мәжіліс залында Қазақстан Республикасының әнұранымен ашылған апталық барысында мемлекеттік тілде сөйлей білуге, өз ойын айта білуге үйрету  мақсатында қазақ тілі мәселесі бойынша арнайы түсірілген репортаж оқушылар назарына ұсынылды.

«Жеке бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Тіл – бүкіл халықтың игілігі, халықпен бірге жасап, бірге дамиды»  деген С. Негимовтің пікірін басшылыққа алған тіл апталығының ұйымдастырушылары бірінші күнді «Бәйге» ойынымен бастады.

Ойын барысында оқушылар сөзжұмбақ шешіп, логикалық сұрақтарға жауап беріп, шығармашылық тапсырмаларды орындады.

«Жас ғалымдар» аталымы бойынша қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты тақырыптарды, қазақ тілі мен әдебиетінің өзекті мәселелерін анықтау мақсатында ғылыми жобалар қорғалды. 2-орын иегерлері 10 «В» сынып оқушылары Қабден Нұрсұлтан мен Ақмешев Асхат «Қазақ суретшілері» жұмысында көп еңбектенгенін, ізденгендігін көрсетсе, 3-орын иегері 7 «В» сынып оқушысы Өмірғали Сәулет жас болса да ойы ұшқыр, дүниетанымы кең екендігін байқатты.

Мәнерлеп сөйлеуге машықтану, сөз мәнерін жете түсіну, оның табиғатын тану және көркем шығармаларды нақышына келтіріп оқу арқылы оқушыны ауызекі сөйлеуге үйретуді  көздеген «Сөз шеберлері» атты мәнерлеп оқу сайысы да тыңдармен көңілінен шықты. Қазақ тілін жақсы меңгерген өзге ұлт балалары да жеңістен құр қалмады. Тіпті М.Шахановтың «Төрт сәуле» өлеңін оқыған 8 «В» сынып оқушысы Гасанов Ләтифтің үнінен де, тілінен де мін табылмады.

Макеттер жарысында  7 «В» сыныбының «Қыстау», 9 «А» сыныбының «Киіз үйдің ішкі көрінісі», 9 «В» сыныбынан Сибанбай Абай мен Жомартов Әділдің «Қобыз» деген туындылары  әділқазылар алқасының көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болды.

Апталықтың төртінші күні  лицей дәлізінде түрлі ұлттық ойындарды жүргізумен басталды.

Ойындарды жүргізудегі мақсат - ұлттық ойындарды насихаттау, дәріптеу.

Сонымен қатар, 10 күн бойы барша қауымның назарын өзіне аударған «Екі жұлдыз» ән додасы көрерменге ұсынылды.

Бұл сайыстың мақсаты -  қазақ ақындарының шығармаларын кең көлемде насихаттау, талантты жастарды анықтау және көпшілікке таныту.

Байқауға қатысуға оқушылар мен ұстаздар ішінен 12 жұп ниет білдірді.

«Екі жұлдыз» үміткерлері: Мамедов Ахмед пен Хасенов Әлібек, Әміржан Әділ мен Серікова Ләззат,  Беисов Раульхан мен Елубаев Олжас, Қабден Нұрсұлтан  мен Мусин Ермек, Айдар Құрақпаев пен Шолақов  Ғалихан, Құсайнов Данияр мен Рақымжан Гүлмира, Халиканов Аянбек пен Сатанов Арыстан, Ергалиев Уәлихан мен Сарлыбаева Әсем, Мұхамеджан Аслан мен Насруллаев Мұзафар, Сидорук Александр мен Мурзакаева Әсел.

Байқауға қатысушылардың алдына қойылған талаптар мынадай: әртістік қабілеті, өлеңнің мазмұны, әннің ырғағы тыңдарманның көңілінен шығатындай болуы керек.

Сайыскерлердің өнерін Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының тәрбие бөлімінің бас маманы Мырзатаева Алмагүл Маратқызы, Тілдер дамыту орталығының оқытушысы Нұржанова Раушан Молдыбайқызы, Қалалық мамандандырылған музыка мектебінің оқытушысы Романова Лариса Михайловна, лицей директоры Әубәкіров Ержан Бейсембекұлы мырзалар бағалады.

Байқауға ата-аналар комитетінің мүшелері, «Қостанай-Қазақстан» телеарнасы арнайы шақырылды. Сахнада «Жаса, қазағым!», «Жер-Ана», «Жаса, Қазақстан!», «Сағындым Алматымды», «Балалық шаққа саяхат», «Ертегілер», «Айнамкөл», «Анаға хат» т.б. тамаша туындылар орындалды.

Оқушылар ұстаздық пен өнерді қатар алып жүрген өздерінің сүйікті ұстаздарымен қосыла бұл додаға аса бір үлкен жауапкершілікпен қарап, ән шырқап, жиналған қауымның көңілін бір серпілтіп тастады.

Ән додасының нәтижесінде «Екі жұлдыз» атағына 9 «А» сынып оқушысы Уәлихан Ерғалиев пен тарих пәні мұғалімі Әсем Сарлыбаева иеленді.

Апталықтың бесінші күні таланттарымен талайды тамсандырған дарындарды марапаттау рәсімі өткізіліп,  мерекелік кеш концерттік бағдарламаға  ұласты.

Концерттік бағдарламада жиналған қауымның назарына апта бойы өткізілген іс-шаралар жайлы бейнежазба ұсынылды. Сонымен бірге, лицей оқушылары мен ұстаздары «Қара жорға» биін орындап, 7-сынып оқушысы Әділ Әміржан «Жаса, қазағым!», 11-сынып оқушылары Айдар Құрақпаев «Қазақ, ойланып қарашы!», Данияр Құсайынов «Жаса, Қазақстан!» әндерін жұрттың назарына ұсынды.

Осылайша, «Қазақ тілі – ғажап тіл» апталығы өз мәресіне жетті.

Қостанай қаласы, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік

лицей-интернаты