Сапарларың сәтті болсын,түлектер!
23 Тамыз 2010 14:13, Дүйсенбі
Тәуелсіздік алған бірнеше жыл ішінде елімізде білім саласында көптеген өзгерістер енгізілді. Әлі күнге дейін білім жүйесін мейлінше жоғары сапаға көтеру үшін озық елдердің тәжірибелері отандық жүйеге енгізілуде. Енгізіліп жатқан жаңалықтар арқылы еліміздің ғылым мен білім саласында оң нәтижелерге қол жеткізіліп жатқаны да баршаға аян.
Осыдан бірнеше жыл бұрын білім жүйесіне жаңалық болып енген ҰБТ сынағы алғашқы кезде мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналары, тіпті ұстаздары үшін де күтпеген жайт болғаны рас. Бұрын-соңды мұндай үлкен додаға түсіп көрмеген жас түлектеріміздің кейбірі бұл жаңалыққа білімдерімен тойтарыс бере алмай, тауы шағылып, беті қайтқан. Десек те адам баласының мүлде жұмбақ көрінген жайттың өзіне уақыт өте келе еті үйреніп, үйреншікті құбылысқа айналатыны тағы бар. Сондай құбылыстың бірі - ҰБТ сынағы.ҰБТ- білімімен мыңды жығатын мықтылардың сынағы. Елімізде жыл сайын өткізілетін аталған білім додасында біздің шәкірттеріміз де өз бақтарын сынап келеді. Осы күнге дейін ҚТЛ түлектері лицей қабырғасында алған сапалы білімдерін дәлелдеп, әрдайым отандық және шетелдік ең беделді ЖОО-ның студенттері атанып, білім берген ұстаздары мен ата-аналарын, баршамызды қуанышқа кенелтіп келеді.
Үстіміздегі жылғы мектеп бітірушы түлектеріміз де осы сынақтан қалыс қалмай, өз білімдерімен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. ҚТЛ - дің түлектерінің ҰБТ сынағында көрсеткен орталама ұпай саны – 108,09 болса, 150 түлегіміз «Алтын белгі» иегерлері атанды. Лицейлер арасында жасалған рейтинг бойынша ең жоғарғы көрсеткішпен алғашқы үш орынды төмендегі лицейлер иемденді:
1.№9 дарынды балаларға арналған Қызылорда облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты; 115,6 балл
2. Павлодар облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей интернаты; 113,3балл
3. №10 дарынды балаларға арналған Қызылорда облыстық қазақ-түрік лицей интернаты;112 балл
Біз өз тарапымыздан үлкен додада білімдерімен оза шапқан түлектеріміз бен олардың ұстаздарын құттықтаймыз! Барлық түлектерімізге ақ жол тілейміз. Болашақта алған білімдері мен тәрбиелерін егемен еліміздің игілігіне жұмсайтын, ел тұтқасын ұстар нағыз азамат пен азаматшалар болатынына сенімімізді білдіреміз. Сапарларың сәтті болсын, болашақтың Бейімбеттері мен Сәкендері, Әлиялары мен Мәншүктері!
Ізгі ниетпен: «КАТЕV» Халықаралық қоғамдық қоры
Мәтінді жазған:Әлия Өмірзаққызы
