135 ҚТЛ түлегі NU-дің грант иегері атанды!
24 Тамыз 2010 12:10, Сейсенбі
Еліміз егемендік алғалы бері қоғамның барлық саласында көптеген жаңалықтар мен оң өзгерістер болып келеді. Солардың бірі білімнің сапасын арттыру мақсатында орта және жоғары білім беретін оқу орындарының ашылуы. Сонымен қатар, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы. Осы бағдарламаның аясында көптеген жас түлектер әлемнің озық елдерінде білімдерін шыңдап, маман иесі атанып, қазіргі таңда маңызды қызметтердің тізгінін ұстап отыр.
Биылғы жаңа оқу жылында елді елең еткізген тағы бір жағымды жаңалықтан барша жұртшылық хабардар. Ол жастарға есігін айқара ашқан – Назарбаев Университеті.Жаңа университет инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған қазіргі заманға сай, күшті ғылыми инфрақұрылымы бар университет болуды мақсат етіп отыр. Университетке ең үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілер шақырылады, оларға шығармашылық қызметті жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалады. Астананың жаңа университеті рейтингі бойынша әлемнің ең үздік 30 университетінің қатарындағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында төменгідей оқу орындары бар: UCL(University College London), PHMI (Partners Harvard Medical International Inc.), UPMC (University of Pittsburg Medical Center), Duke University, Carnegie Mellon, National University of Singapore, University of Wisconsin-Madison etc.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 6 мамырда № 384 қаулысымен бекітілген білім беру гранты бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Назарбаев Университетіне 500 білім беру гранты бөлінген болатын. Аталған мемлекеттік тапсырыс бойынша биыл "Foundation" бағдарламасына 500 студент оқуға қабылданды. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізген 500 студенттің 135 – сі қазақ-түрік лицейлерінің шәкірттері.
Бұл - біздер үшін үлкен мақтаныш! Ендеше үлкен қадамға тәуекел еткен кешегі түлектерімізге, бүгінгі Назарбаев Университетінің студенттеріне білім бәйгесінде оза шауып, тек біздің ғана емес, барша қазақ елінің мақтанышы болыңдар деген тілегімізді білдіреміз!
Игі тілекпен: «КАТЕV» Халықаралық қоғамдық қоры
