ҚТЛ шәкірттері көк байрақты желбіретті!
28 Тамыз 2010 14:32, Сенбі
2009-2010 оқу жылы қазақ-түрік лицейлерінің ұстаздары мен шәкірттері үшін толайым табысты болды. Себебі, ҚТЛ шәкірттері жуырда ғана өткен әлемнің түкпір-түкпірінен өз білімдеріне сенімді,ең таңдаулы мықтылар қатысқан дүниежүзілік білім сайыстарында көк байрағымызды жоғарыдан желбіретіп, абыроймен оралғанын мақтанышпен айтамыз.
Бұл білім сайыстары химия (IchO), математика (IMO), информатика(IOI),биология (IBO) және физика (IРhO) пәндерінен болып өтті. 51-ші Халықаралық математикалық олимпиада (IMO 2010) шілде айының 2-14 кундері аралығында Астана қаласында өтті. Оған 517 оқушы қатысты. Ең үздік жас математик атағын иелену үшін сайысқа 97 мемлекеттің оқушылары ниет білдірді. Аталған олимпиадада Астана қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Рауан Рахмет жүлделі ІІ-орынға табан тіреп, күмістен алқа тақты.
Физика пәнінен Хорватияда өткен халықаралық (IРhO)білім сайысынан да біздің шәкірттеріміз құр алақан оралған жоқ. Үш бірдей оқушымыз күмістен алқа тағып, Қазақстанның қоржынын толықтыра түсті. Олар:
1. Айдын Кемелдинов. Есік қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы;
2. Тамирлан Сейдахметов. Тараз қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы;
3. Нұржас Айдынов. Тараз қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы;
Кореяда өткен халықаралық биология олимпиадасында (IBO) Тараз қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Талас Қосыбаков жүлделі ІІІ-орынды иемденіп, қола медальмен елге оралды.
Информатика пәні бойынша өткен халықаралық олимпиадада Талдықорған қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Мадияр Айтбаев та ІІІ- орынды иемденіп, қола жүлдегері атанды.
Үстіміздегі жылы Бакуде химия пәнінен 44-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасы өткен болатын.Олимпиада теория мен тәжірибеден тұратын екі тур бойынша болды. Қазақстанның атынан қатысқан ҚТЛ лицейлерінің шәкірттері төмендегідей марапаттарды иеленді:Шахизадаев Абылай - Тараз қаласы, ҚТЛ 10 сынып – алтын медаль;
Бекбергенов Мирас – Астана қаласы, ҚТЛ 10 сынып – алтын медаль;
Серімбетов Жалғас – Тараз қаласы, ҚТЛ түлегі – алтын медаль;
Скрипин Илья - Карағанды қаласы, ҚТЛ түлегі – күміс медаль.
Данияр Қалиев – Астана қаласы, ҚТЛ түлегі - күміс медаль;
Нұрбек Серікұлы - Тараз қаласы, ҚТЛ 10 сынып – қола медаль;
Сондай-ақ, Жапонияның Цукуба қаласында 19-28 шілде аралығында химия пәнінен халықаралық олимпиада (IChO) болып өтті. Олимпиадаға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Болгария, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Македония, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей, Румыния, Өзбекстан, Украина, Эстонияның оқушылар командалары қатысты. Қазақстан құрамасының құрамында сайысқа түскен шәкірттеріміз төмендегідей жетістікке қол жеткізді.
Шахизадаев Абылай - Тараз қаласы, ҚТЛ 10 сынып – қола медаль;
Бекбергенов Мирас – Астана қаласы, ҚТЛ 10 сынып – қола медаль;
Серімбетов Жалғас – Тараз қаласы, ҚТЛ түлегі – қола медаль;
Скрипин Илья - Карағанды қаласы, ҚТЛ түлегі – қола медаль.

Ерекше атап өтерлік жайт, химия пәнінен Менделеев олимпиадасында Қазақстан қоржынына биыл алғаш рет үш бірдей алтын түсті. Бұл алтын медальдің иегерлері – өзіміздің ҚТЛ –нің шәкірттері!
Біз жас химиктеріміз бен олардың ұстаздарын осы үлкен жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Сонымен қатар, жоғарыда аталған барлық пәндер бойынша жүлдегерлеріміз бен оларды баптап, дүниежүзілік білім бәйгесіне қосып қана қоймай, Қазақстанның атын әлемге паш еткен ұлағатты ұстаздарымызды жетістіктерімен құттықтаймыз!
Болашақта да еліміздің даңқының арта түсуіне үлес қосып, талантты шәкірттерді тани біліп, олардың талаптары мен таным көкжиектерінің өсуіне оң ықпал ете берулеріңізге тілектестігімзді білдіреміз!
Ізгі тілекпен: «КАТЕV» Халықаралық қоғамдық қоры
Мәтінді жазған: Әлия Өмірзаққызы
