1 қыркүйек – Білім күні
31 Тамыз 2010 21:59, Сейсенбі
Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет.Шоқан Уәлиханов
Тәуба, бүгінгі күні Қазақстан - азаттыққа қол жеткізген Тәуелсіз ел. Ендігі жерде осы ғасырлап, сарыла күткен азаттығымызды аялап, басымызға қонған бақыт құсын үркітіп алмай, болашаққа кәміл сеніммен, дамыған елдермен тереземіз тең болып қадам басу үшін көкірегі ояу, көзі ашық ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет. Бұл ұлы міндет, әрине ұлағатты ұстаздардың еншісінде.
Ертең 1-қыркүйек – Білім күні. Бүлдіршіндер үшін алғашқы қоңырау үнін еститін, өмірлеріндегі ең маңызды сәт туатын күн!
Алғашқы қоңырау – ол балалық шақтың бал дәурен қызығынан сәл де болса алыстап, мектеп табалдырығымен бірге өмірдің де табалдырығынан аттайтын аса маңызды сәт!
Ал, ат жалын тартып мінер жасқа келген жеткіншектеріміз үшін маңызды, әрі жауапты кезең басталатын күн! Себебі, олар оқу жылының соңында мектеп қабырғасында алған білімдерін мейлінше дәлелдей отырып, өмірлік таңдау жасайтын сәт жақындап келеді.
Ата-анасынан алғаш рет бөлек шығып, жауапкершілігі мол маңызды қадамға аяқ басқан бүлдіршіннің де, ертеңгі күні ұядан ұшқалы тұрған бозбала мен бойжеткн ұл-қыздарымыздың да қасынан табылатын серігі ол - ұстазы!
Ақын ағамыз Аманжол Шамкеновтің:
Ұстазым менің. Ұстазым!
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып! – деген жыр жолдары ұстаздың шәкірт үшін қаншалықты жақын жан екенін дөп басып тұрғандай.
Олай болса, жаңа оқу жылы құтты болсын, қымбатты ұстаздар қауымы!
Жаңа оқу жылы жетістіктер мен табыстарға толы болғай!
Ал, шәкірттерімізге зерделі білім ордасынан тәлім алып, болашақта ел қамын ойлайтын зиялы азамат болып шығыңдар деген ізгі тілегімізді білдіреміз!
«КАТЕV» Халықаралық қоғамдық қоры
Мәтінді жазған: Әлия Өмірзаққызы
