«Жарқын болашақ» - ана тілдің есігі
02 Наурыз 2010 21:04, Сейсенбі
«Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы Шығыс Қазақстанда
«Жарқын болашақ» -ана тілдің есігі
«Жарқын болашақ» - тілім деген жүректердің қасиетті бесігі
«Жарқын болашақ» - тіл тұғырын көтеретін Олимпиада есімі
Ана тіліміздің абыройын асқақтатып, атын шырқау биікке көтеріп, туға байлау - әрбір азаматтың ардақты парызы. Үстіміздегі жылдың ақпан айының 18 жұлдызында ШҚӨ «Дарын» ҒПО мен Өскемен қазақ-түрік лицейінің ұйымдастыруымен аймақтық «Жарқын болашақ» атты қазақ тілі олимпиадасы өткізілді. Олимпиада еліміздің Тәуелсіздігі мерекесінің 18 жылдығы және ана тіліміздің 21 жылдық құрметіне арналды. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және жас ұрпақтың қазақ халқының тіліне, әдебиетіне, салт-дәстүріне, тарихына және мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, облысымыздың дарынды балаларына қолдау көрсету мақсатында өткізілген бұл олимпиадаға Семей, Өскемен қалалық олимпиадаларында жеңімпаз атанған 28 оқушы қатысты. Барлық бағыттағы тапсырмалардың тек қазақ тілінде ғана болғандығы, оған қазақ мектептерін былай қойғанда, орыс мектептерінің белсене әрі асқан жауапкершілікпен қатысқаны «жетім қыздың» күйін кешіп жүрген тілімізге деген құрметтің артып келе жатқанының дәлеліндей болды. Қазақ тілі мен әдебиет теориясын терең меңгерген білімді оқушыларды анықтау мақсатында өткізілген "Қазақ тіл білімі" бағытына 8 оқушы қатысты. Мектеп бағдарламасы бойынша шығармашылық тапсырмаларға негізделіп құрастырылған білім тексеру тестік жұмыстары кезінде Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы арнайы мектеп – гимназиясының, Өскемен қазақ – түрік лицейінің оқушылары Жанахметова Айдана мен Конин Евгений жеңімпаз атанса, Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттау, жас ұрпаққа қазақ елінің артықшылықтары мен алтын қазыналарын дәріптеу мақсатында өткізілген нағыз білім аламаны «Ғылыми жоба қорғау» бағытына қатынасқан 10 оқушы ішінен О.Бөкей атындағы №44 мектеп – лицей оқушысы Еркасимов Азамат пен №24 мектеп оқушысы Черепанова Анастасия суырылып алға шықты. Ал Қазақ тілінде мәнерлеп сөйлеуге машықтану, сөздің мәнін жете түсіну, оның табиғатын тану мақсатында өткен «Мәнерлеп оқу» бағытында Семей қаласындағы №16 мектеп оқушысы Мәскен Мөлдір мен №9 мектептің оқушысы Казанцев Данилдар топ жарды. Бұл бағытта қазақ қара сөзінің өзегіне жан бітіріп, барша жанның көз шалмас көңіл түкпірінің тереңіне өзінің көркем сөзімен көсіп кеткен Мөлдірдің әртістік шеберлігіне тәнті болмаған жан болған жоқ. Қазақ халық әндері мен сазгерлерінің шығармаларын кең көлемде насихаттау және талантты жастарды анықтау мақсатындағы «Әнші бұлбұлдар» атты ән айту бағыты мен Қазақ ақын-жазушыларының, драматургтерінің шығармаларын насихаттау мақсатында өткен «Сахна саңлақтары» бағыты шалқар шабыттың, тума таланттың лаулаған көрігіне айналып, нағыз өнерді паш еткен нақ дода боп өтті. «Сахна саңлақтары» бағытында Өскемен қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы №20 қазақ орта мектебі оқушылары жеңімпаз атанды. Ән айту кезінде сайысқа қатысқан 4 оқушы ішінен қазақ мектептері әншілерінің шеберлік жағынан үлес салмағы анық көрініп, «Қазақ халқы - әнші халық. Маған кейде қазақ даласының өзі де ән сап тұрған сияқты көрінеді...» деген Потаниннің сөзін тағы бір рет еске түсіркендей. Ән айту бағытында Т.Рахимовтың «Қазағым - айын» әуелете шырқаған семейлік Нұртазина Мадинаның салған әні көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Сайыс барысында байқағанымыз өз өнерін тек қазақ тілінде ғана тарту еткен өзге ұлт өкілдерінің үлкен қуанышы еді. Өткелі жоқ өзенді, асуы жоқ асқарды артта қалдырғандай болған көптеген оқушының сезімдерін жасыра алмай, қуаныштан көздері бал – бұл жанғанын көріп, көңіліміздің бір марқайып қалғаны да рас. ШҚО тілдерді дамыту басқармасы, Ресей жинақ банкі және Өскемен қаласындағы қазақ – түрік лицейі ата – аналарының демеушілік көрсетуімен жеңімпаздарға сыйлыққа ұялы телефондар берілсе, жүлдегерлер қанжығаларына бейнекөрсеткіштер ( DVD) байлап қайтты. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ШҚО білім басқармасының димпломымен марапатталды. Сол сайыскерлердің бапкерлері – ұстаздарына да ШҚО білім басқармасының алғыс хаттары тапсырылды.Шара соңында қимай қоштасқан жанарларға, ақжауын боп төгілген ақжарма алғыстарға қарап бес күнге созылған бұл олимпиаданың берері көп, айтары анық екен деген ой түйдік. Тілдің құлағын тыншытып, қолын ұзартатын ұран емес, ұлағатты іс екеніне көзіміз жеткендей еді.
