Сейсенбі 07 Ақпан

Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!

 Қуансын деп жарыққа қарап бәрі
Асығады таң нұрын таратқалы.
Қандай бақыт далада бидай толқып,
Тыныштықпен Еліңнің Таңы атқаны!!! (К. Ахметова)

Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын талдыратын шетсіз, шексіз сайын дала Қазақстанда тәуелсіздіктің таңы атып, егемендіктің желі есіп, азаттықтың асқақ туы желбірегелі 18 жыл өтіпті. Содан бері талай асу-белестерді артқа тастап, кәмелет жасқа келіп, ат жалын тартып мінген бозбала сынды болашағынан үлкен үміт күттіретін Ұлы даланың көк байрағы көгімізде желбіреп келеді. «Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас атады» - деген аталы сөзге тоқтар болсақ, осы күнге жету үшін ғасырлар бойы бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен Атамекенді алакөздерден көздерінің қарашығындай сақтап, ұрпаққа-бізге аманат етті. Тарихқа үңілсек, кешегі өткен Кенесары батыр, Сырым Датұлы, Жанқожа батыр, Махамбет пен Исатай батыр сынды біртуар тұлғалар осы даланың бостандығы үшін, осы елдің тыныштығы үшін еш аянған жоқ. Махамбет батыр: "Егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, ерлердің ісі бітер ме?!". – деп жырласа, ХХ ғасырда Алаш туын қасқайып тұрып көтере білген Ахмет Байтұрсынов ағамыз: «Қазағым, елім, қайқайып белің, Сынуға қалды-ау таянып..» деп, өз халқының  ертеңіне елеңдеген. Ал Міржақып Дулатов болса, дәл осы ойды өлеңмен: «Оян, қазақ, көтер басты, Босқа жату жарамасты!!!..» деп өрбіте білген. Бұл тізімді толықтыра түссек, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев сынды алаштың арыстары қай кезде де елінің , жерінің, қала берді, күллі түркі жұртының  азаттығы мен ауызбіршілігі үшін қарап қалмаған. Бастарына қара бұлт үйірілсе де тағдырдың тауқыметін қасқайып тұрып қарсы алып, өр рухтарын өшірмеген. Міне, осындай алаш азаматтарының ұрпағы кешегі Желтоқсан көтерілісінде де өз бабаларының ізінен жаңылмайтындықтарын тағы бір рет дәлелдеді. Олар ғасырлар бойы талай буын өкілдерінің арманы болған кең далада азаттықтың асқақ әнін  айтқызғаны баршаға мәлім. Осылайша, жас та болса, бас бола білген қазақтың қызғалдақ қыздары мен жалынды жігіттері тарихқа өктем нүкте қойды. Содан бері, талай таң атып, күн батты. Талай жас ұрпақ дүние есігін ашып,бірнеше жылды тарих қойнауына енгіздік.  Өшкеніміз жанып, ескіміз жаңарып, көнеміз жаңғырып, айымыз оңынан туып, етек-жеңімізді жиып, әлемнің алпауыт мемлекеттерімен тереземіз тең болуы – бәрі-бәрі Тәуелсіздіктің және сол үшін жандарын пида еткен ата-бабаларымыздың, аға-әпкелеріміздің  арқасы екендігіне ешкім шүбә келтірмес!!!

Қазақстанды алғаш Тәуелсіз ел ретінде мойындап, шынайы достық пен бауырмалдықтың  тамаша үлгісін көрсеткен түбі бір туысқан – Түрік елі екені әмбеген аян. Содан бері екі ел арасында достық қарым-қатынас орнады. Екі елдің азаматтары ғасырлар бойы ұмытыла жаздаған ортақ құндылықтарын бөлісіп, бір-біріне демеу болып келеді. Мұның айқын дәлелі - қазіргі таңда білім саласында Қазақстанның қоржынын алтынмен толтырып жатқан қазақ-түрік лицейлері. Бұл білім ордаларының шәкірттері шашаларына шаң жуытпай, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, Қазақстанның көк байрағын  білім додаларында халықаралық деңгейде желбіретіп келеді.
Алла тіл-көзден сақтап, Еліміздің босағасын берік, керегесін кең, шаңырағын биік қылып, Тәуелсіздігімізді баянды еткей! Барша Қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз! Көсіліп жатқан кең даладай дархан да жомарт халқымыздың болашағы жарқын болсын! Бабалар аманаты болып саналатын осынау кең даламыз бен Тәуелсіздігімізді ұрпақтарға  лайықты түрде жеткізе білейік!!!
Лайым Тәуелсіздігіміз баянды  болсын, ағайын!!!  Ізгі ниетпен: «КАТЕV» Халықаралық Қоғамдық Қоры  
Мәтінді жазған: Әлия Өмірзаққызы