Понедельник 06 Февраля

«Көп түкірсе – көл»

Ертеректе  елдің амандығын тілеп, Жаратқанға күн сайын жалбарынып отыратын дуалыауыз қарттарымыз: - дұшпандардың дұшпандығынан, зұлымдардың зұлымдығынан, дауасыз дерттерден, табиғат апаттарынан сақта! - деп, осы даланың тыныштығы мен елдің есендігін сұрауды әдетке айналдырған еді. «Жақсы сөз-жарым ырыс» демекші, мейлінше жақсылықты жиі айтып, ел аман, жұрт тыныш болғанын қалаудың өзі бір ғанибет екен-ау!

Бұлай деуіміздің жаны бар. Халқымызда «жұт жеті ағайынды» деген сөз бар. Өкінішке орай , соңғы кездері осы «ағайындылардың» елімізді маңайлап, кетпей қойғаны баршаға мәлім. Ертеректе ести бермейтін апаттардың түр-түрі екі күннің бірінде қалыпты жағдайға айналған.  Топан су, жер сілкінісі, топырақ көшкіні,  тіпті, төрт түліктің «тажалы» оба, сібір жарасы тәрізді атын естімегелі ғасырға жуықтап қалған індет те өршеленіп барады. Кім білсін, бәлкім елдің саулығы мен амандығын, тыныштығын тілеп, көздері жұмылғанша тек жақсылықтан үміттерін үзбейтін салиқалы қарияларымыздың қатары күннен-күнге кеміп бара жатқанының белгісі ме екен?...
Үстіміздегі жылы Кенді Алтайдың көптеген жерлері қатал қыстың қыспағында қалып, топан су апатына ұшырағандығынан барша жұртшылық хабардар. Осы жағдайға терең түсіністік білдірген қазақ-түрік лицейлерінің оқушыларының ата-аналары 3000 000 теңге қаржы жинап, табиғат апатынан зардап шеккен шығысқазақстандықтарға көмекке ұсынды. Бұл қаржыны Халықаралық «КАТЕV» қоғамдық қорының Президенті Үнал Өзтүрік пен Өскемендегі қазақ-түрік лицейінің директоры Өте Дархан Ермаханұлы, Халықаралық «Нұр-Орда» мектебінің директоры Жошкун Шабан және ата-аналар комитетінің өкілдері Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа табыстады.
«Көп түкірсе – көл» деп, тосыннан әлдеқандай зауал бола қалса, бір-бірін демеп, қайғысына ортақтасып, жүдеу көңілдерді жадыратып, мұңды жанарларды қуантуға құштар халық қашаннан игіліктің жаршысы да бола білген.
«Қайғыны бөліссең азаяды, қуанышты бөліссең көбейеді» дегендей, бұдан былай өткенімізге салауат айтып, тек жақсылықтарымызды бөлісуге жазсын!

 

Игі тілекпен: "КАТЕV" ХҚҚ                                                             Мәтінді жазған: Әлия Өмірзаққызы